«Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым» ашық кураторлық сағаты
- Подробности
- Опубликовано: 15 марта 2019
2019 жылдың 15 наурызында Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің психология және дефектология кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Бегежанова Р.К. жетекшілігімен 5В010500-Дефектология мамандығының 1 курс студенттерінің қатысуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым» атты ашық кураторлық сағат өтті. Кураторлық сағат мақсаты – халқымыздың рухани байлығын игеру, студенттер қауымын ұлттық озық дәстүрден үлгі алуға баулу, халқымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерін дәріптеу.
Ашық кураторлық сағат барысында қазақ халқының көне заманнан келе жатқан «Біз шаншар», «Сырға салу», «Шашу» және «Қыз ұзату» сынды салт-дәстүрлер сахналық көрініс арқылы баяндалды.
Ашық кураторлық сағат барысында Дефектология мамандығының 1 курс студенттері Бексұлтанова Жанеркем «Наурыз» «Қазағымның дәстүрлері» әндерін, Қабдрахим Гүлнафия «Ақ ботам» әнін орындады. Сонымен қатар, 5В010500-Дефектология мамандығының 1 курс студенттері Абдильдина Ақбота, Ахметова Оксана, Қажмұрат Айым, Сулейманова Раушан, Тахатбек Айгерім, Утегенова Ботагоз қазақ ұлттық билерін билеп, көрермендер қауымын тамсандырды.
Іс-шараға студенттер қауымы қызығушылық танытып, таңдалған тақырыпқа үлкен жауапкершілікпен қарап, ұйымдастыру барысында белсенділік танытты.
Ашық кураторлық сағат – заман өзгерсе де, ұлттық салт-дәстүріміздің көнермейтіндігін еске салып, ұлттық мұраны қайта жаңғыртуға бағытталды. Салтын сүйген әрбір жас ұрпақ болашақта халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, тілінің, салт-дәстүрінің жанашыры болатындығына сеніміміз мол.