Академиялық ұтқырлық жалғасуда
- Подробности
- Опубликовано: 02 августа 2013
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында (ҚМПИ) екінші жыл қатарынан белсенді жалғасуда. Институт студенттері Қазақстанның жоғары оқу орындарына ғана емес, сондай-ақ алыс және жақын шет елдердің танымал оқу орындарында білімдерін шыңдауда. Бағдарламаны толығымен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қаржыландырады. Былтыр 7 студент Перпиньян қаласының (Франция) Via Domitia университетінде бір семестр бойы оқып, барлық емтихандарды «өте жақсы» тапсырып, елге сәтті оралды. Биылғы жылы ҚМПИ аталмыш университетке тағы да 7 үздік студентін жібергелі отыр. 2013 жылдың 2 тамызында оқу және әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор М.Ә. Төлеген шет елге баратын студенттермен дәстүрлі кездесу өткізді. Кездесуде проректор еуропалық жоғары оқу орнында білім алу, тек абырой ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік екенін атап көрсетті. Кездесуде, өз кезегінде студенттер де сөз алды.
Артем Задорожный, шет тілдер факультетінің 4 курс студенті:
«Білім министрлігі мен институтымыздың ректоры г.ғ.д,. профессор Қ.М. Баймырзаевқа шет елге бір семестр бойы оқуға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіргіміз келеді. Сенімдеріңізді ақтаймыз!».
Динара Қыпшақпаева, шет тілдер факультетінің 4 курс студенті:
«Біз Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтындағы білім сапасына қатты ризамыз. Сондықтан еуропалық білім сапасын, оның ішінде, екі жүйені салыстырып, сараптап, біліктілігімізді арттырғымыз келеді».
Айымгуль Омарова, шет тілдер факультетінің 3 курс студенті:
«Біз жеті үміткер қатаң іріктеуден өттік, тест тапсырдық, ауызша сайыстарда білімімізді дәлелдедік, сондықтан да бізді ең үздік деп танығандарыңызға қуаныштымыз. Мен, проректорымыз Мұхтар Әділбекұлының үздік болу, бұл - абырой ғана емес, үлкен жауапкершілік деген пікірімен толықтай келісемін. Перпиньян университетінде біз өз дәрежемізді жоғары көрсете білуіміз керек!».
Дина Касеинова, жаратылыстану-математика факультетінің 4-курс студенті:
«Жаратылыстану-математика факультетінде білім алып жүрсем де, француз тілін қосымша игеріп жүрдім, француз тілін терең меңгеру күрделі тестілеуден өтуге, үздік жеті студенттердің қатарында болуыма мүмкіндік берді. Оқытушыларымызға көп-көп рахмет!».
2013 жылы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Франция еліне білім алуға баратын ҚМПИ студенттерінің тізімі:
1. Задорожный Артем, ШТФ 4-курс студенті;
2. Әбдуалиев Нағашбай, ШТФ 4-курс студенті;
3. Жұмабаева Айнұр, ШТФ 4-курс студенті;
4. Қыпшақбаева Динара, ШТФ 4-курс студенті;
5. Сатмағамбетова Айнұр, ШТФ 4-курс студенті;
6. Омарова Айымгүл, ШТФ 3-курс студенті;
7. Касеинова Дина, ЖМФ 4-курс студенті.