Халықаралық қарттар күні
- Подробности
- Опубликовано: 01 октября 2015
2015 жылғы 1 қазанда Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері Жастар ісі жөніндегі комитеттің бастамасымен Халықаралық қарттар күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагері Шайдулла Сағындықұлы Сағындықовтың үйіне барды. Студенттер ардагерге гүл шоқтары мен сыйлықтарын тапсырып, үйін мұнтаздай етіп жинап берді. Кездесу барысында Ш.С.Сағындықов студенттерге әскери атағы жайлы әңгімелеп берді. Ол 1922 жылы Павлодар облысында дүниеге келіп, Орал мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған екен. Студенттер ардагерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып отырды. Шайдулла Сағындықұлы 1941 жылы Отанды қорғауға әскер қатарына шақырылып, 1945 жылы Берлин қаласына дейін барған. 1948 жылға шейін сонда қызмет еткен болатын. Барлық жылдар бойына ол батальон бастығы қызметін атқарған. Жас кезінде Шайдулла Сағындықұлы суретке түсіруді жақсы көрген, «Зоркий» атты жеке фотоаппараты да болған. Германиядан келген соң, оны Қарабалық ауданының Бөрлі ауылына мектеп мұғалімі ретінде жұмыс істеуге жіберген.