«Орта білім беру жүйесінің мазмұнының жаңартылған бағдарлама бойынша оқыту»

2018 жылдың 24 қаңтарда Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының Қосымша және қашықтықтан оқыту факультетінің ұйымдастыруымен Педагогикалық шеберлік орталығы АҚ «Назарбаев зияткерлік мектебі», Абай атындағы ҚазҰПУ бірігіп дайындаған «Орта білім беру жүйесінің мазмұнының жаңартылған бағдарлама бойынша оқыту» тақырыбында семинар өткізілді.

Семинарды Қазақстан республикасы ЖОО профессор-оқытушылар құрамына арналған Абай атындағы ҚазҰПУ қолдауымен 2018 жылдың 8-12 қаңтар аралығында біліктілікті арттыру курстарын өткен, жаратылыстану-математика факультетінің физика математикалық және жалпы техникалық пәндер кафедрасының аға оқытушылары Асканбаева Г.Б., Қосжанова А.Г., өткізді.

Семинарға декандар, кафедра менгерушілері, оқытушылар, мамандықтардың әдістемелік комиссиясының төрағалары шақырылды.

Семинардың мақсаты - Қазақстан Республикасындағы орта білім мазмұнын жаңартудың алғышарттарын түсіндіру. Жаңартылған оқу бағдарламаларының құрылымы мен мазмұндық ерекшеліктері туралы бағыт беру.

Семинар барысында негізгі қарастырылған сұрақтар:

  1. Жаңартылған оқу бағдарламаларының (ЖОБ) құрылымы және мазмұндық ерекшеліктері, оқу мақсаттарын жүйелеу. Ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлау. Жаңартылған білім беру мазмұны контекстінде сыни ойлауды дамыту технологиясының әдістері мен негізгі қағидаттары, дидактикалық ерекшеліктері.
  2. Жаңартылған білім мазмұны контекстінде критериалды бағалаудың теориялық негізі мен құрылымы. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу кестесіне сәйкес критериалды бағалау (КБ) жүйесін енгізу мен сынақтан өткізу. Қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау үдерісін жоспарлау және ұйымдастыру.          

Бірінші сұрақ бойынша жаңартылған білім беру мазмұнының тәжірибесімен бөлісу мақсатында   «Ұлттық білім беру саясатына» шолу жасалды.

Оқу бағдарламасы әр пәннің мақсатын, құндылықтарын белгілейді, мұғалімнің ұстанымына сәйкес педагогикалық тәсілдерді қысқаша сипаттайды. Бұл құжат әр пәннің құрылымы мен мазмұны туралы ақпаратты қамтиды. Жалпы оқу бағдарламасымен танысқан соң жеке пәндер бойынша жаңартылған білім беру оқу бағдарламалары және оқу жоспарлары қарастырылып, белсенді оқу әдістерін колдану тәжірибелері берілді.

Ұзақ мерзімді жоспар білім беру деңгейі бойынша барлық сыныптардағы пән тарауларын белгілеп, олардың жалпы ережелерін анықтайды. Ұзақ мерзімді жоспар оқу бағдарламасының элементі ретінде оқу жылына арналған тақырыптар мен бөлімдерді анықтайды. Ұзақ мерзімді жоспар белгілі бір бөлімнің/бөлімшенің/тақырыптың аясына қажетті оқу мақсатын қамтиды.

Орта мерзімді жоспар ұзақ мерзімді жоспармен анықталған бағдарларды нақтылайды және ең қысқа мерзім аралығында жүзеге асырылады. Орта мерзімді жоспарларда белгіленген кезеңге арналған негізгі міндеттерді тұжырымдайды. Онда әрбір тоқсанға немесе бөлімге арналған оқу тақырыптары көрсетіледі.

Екінші сұрақ бойынша оқушылардың жетістіктерін критериалды бағалау тәсілдері, критериалды бағалау жүйесінің ерекшеліктері: мақсаттары, принциптері және бағалау нысандары қарастырылды.

Оқушылардың мектепте білім алуы олардың сабақ оқуына, жан-жақты дамуына бағытталған. Баланың қаншалықты дамып жатқаны және қандай қиыншылықтарға тап болып жүргені туралы ақпарат алуы өте маңызды болып табылады. Дәл осындай ақпаратты мектеп тарапынан жүргізілетін бағалау қамтамасыз етуі қажет. Осыған орай оқушының дамуына, оқуға деген қызығушылығы мен ынтасын жоғарылатуға бағытталған критериалды бағалау жүйесі енгізілмек. Бұл үшін әрбір оқушы мен оның ата-анасына түсінікті болатын айқын және нақты өлшенетін бағалау критерийлері бекітілген. Нақты бағалау критерийлерінің көмегімен оқушы, ата-ана және мұғалім келесілерді түсінуге мүмкіндік алады:

  • Оқушы білім алудың қай сатысында
  • Сабақ оқуда олар неге талпынады
  • Оқушының осыған қол жеткізуіне көмектесу үшін не істеу қажет.

Критериалды бағалау – оқу бағдарламасындағы күтілетін нәтижелерге жету мақсатында оқушылардың білім алудағы жеке даму жолына түзетулер енгізуге мүмкіндік беретін, оқушының оқу жетістігін алдын-ала нақты анықталған бағалау критерийлерімен сәйкестігін бағалау болып табылады. Баға қою механизмі қарастырылып, қалыптастырушы бағалау, ішкі жиынтық бағалау, тоқсандық, жылдық бағалар қалай қойылатындығы туралы толық мағлұматтар берілді.

Семинар соңында оқытушылар  кері байланыс арқылы туындаған  ойларымен бөлісті, ұсыныстар қабылдады. Семинар барысында сабаққа деген жаңа көзқарастары қалыптасып, жаңа, тың идеялармен тәжірибе бөлісіп, сабақ берудегі оңтайлы әдіс-тәсілдер талқыланды.

 

Біздің мекен жайымыз

110000, Қостанай қаласы,
Тәуелсіздік көшесі 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 51-11-57

Біз әлеуметтік желідеміз

Вы здесь: Главная Жаналықтар Оқу-әдістемелік жұмыс «Орта білім беру жүйесінің мазмұнының жаңартылған бағдарлама бойынша оқыту»