«...Қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін» деп Мағжан ақын жырлағандай, қазіргі таңдағы қанатты жастар биікке самғап, талай шыңды бағындыруда. Осы тұста Елбасының сүбелі саясатының арқасында жастарға кеңінен қолдау көрсетілуде. Ал, арқасын кенге жайған арыстандай айбатты жастар алдағы уақытта елі үшін аянбай тер төгуге дайын ба?! Қазір жастарды қандай мәселелер мазалайды?! Осы және тағы басқа да салаударға жауап алу мақсатында ҚМПИ қабырғасында Қостанай облысы әкімдігінің жастар мәселесі бойынша басқарма бастығы Кенеш Ғалибекұлы Әлімжановпен кездесу өтті. 2017 жылдың, 19 сәуірі күні, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасында өткен кездесуге психология және педагогика факультетінің студенттері қатысты.
ҚМПИ студенттері қай кезде болмасын әрдайым белсенділік танытып, тек қана институт қабырғасында емес, сондай-ақ, облыстық, қалалық іс-шараларда төбе көрсетіп жүргені баршаға аян болар. Оқу мен қоғамдық жұмысты қатар алып жүрген студенттер басқа жерлерде институт имиджін көтеріп, тек оң бағаға ие болып жүр. 2017 жылдың 3 сәуір күні ҚМПИ белсенділері: Қостанай қаласы студенттер Альясының жетекшісі, психология және педагогика факультетінің студенті Асылгүл Бексұлтанова, дене шынықтыру, спорт және туризм факультетінің студенттері Гаазе Александр мен Валерия Григорьева облыстық «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының «Тобыл таңы» бағдарламасында қонақта болып қайтты.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты дарынды жастарға жол ашып, демеу болып, қолдау көрсетіп жүрген қара шаңырақ екені баршаға мәлім. Әуелей шырқаған әншілер, мың бұралған бишілер, қаламынан жыр саусаған ақиық ақындар, он саусағынан өнер тамған домбырашы-жыршылар және т.б. өнер жолындағы жастар ҚМПИ ордасынан сусындап, биікке қанат сермеген болатын. Талайды таңдай қақтырған әзілкеш, көтеріңкі көңіл-күйдің жаршылары КВН жастарымен де ҚМПИ арқасын кеңге жайып, мақтана алады. Оған себеп те жетеді.
2017 жылдың 30-наурызында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бір топ студенттері мен оқытушысы ҚМПИ ордасына ат басын бұрды. Қызылжарлық белсенділердің сұрауымен Манаш Қозыбаев атындағы дәрісхана қонақтарға есігін айқара ашты. Институтымыздың әлеуметтік тәрбие басқармасының ұйымдастыруымен, Тарих және өнер факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасының белсенділігімен келген қонақтар тарих ғылымдарының докторы, профессор, Манаш Қабашұлының көзін көрген, ізін жалғастырушы Аманжол Күзембайұлымен кездесті.
2017 жылдың 29-30-наурыз күндері Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты қабырғасында «Торғай» Республикалық-аймақтық лигасының 1/8 финал ойындары өтті. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған әзілкештер жиналған қалың қауымға өткір әрі қызықты әзілдерімен, сүбелі ойларымен, шалқып тасып жатқан импровизацияларымен керемет кеш сыйлай білді. Екі күнге созылған әзіл бәйгесі ҚМПИ-ды жақсы көңіл-күйге бөледі. Қазақстан КВН одағының шақыртуымен институт ректоры Әбіл Еркін Аманжолұлы әділ-қазылар алқасының құрамынан табылды.
29-наурыз күні ҚМПИ қабырғасында мектеп түлектеріне арналған «Ашық есік күні» өтті. Қара шаңырағымызға облыс мектептерінің түлектері келіп, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап ала білді. Аталмыш ашық есік күніне жиналған талапкерлердің саны 315-ке жетті. Талапкерлерге акт залда кездесу ұйымдастырылып, институтымыздың үйірме белсенділері өнер көрсетті. Факультет декандары факультеттегі кафедралар мен мамандықтар жайлы толық ақпарат беріп, ҚМПИ студенті атанудың мүмкіншіліктерін тілге тиек етті.
Табиғат, жер-дүниенің жаңарып, жасанатын көктем мезгілінің ұлы мерекесі – Наурыз мерекесі астықты алқаптың төрінде де тойланды. Орталық алаңға алты қанат ақ орда киіз үйлер тігіліп, наурыз көже сапырылып, қаумалаған қауым құшақтасып, құттықтап, бір-біріне ақжарма ақ тілектерін жаудырды. Сол думанда қара шаңырақ Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты да жиналған жамағатты керемет киіз үйімен, тіл үйірер дәмімен, өресі биік өнерпаздарымен таңдандыра білді.
2017 жылдың 17 наурыз күні ҚМПИ факультеттері арасында Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шаралар өткізілген болатын. Аталмыш шараның басты мақсаты салт дәстүрді сақтап, студенттер бойындағы дәстүрге, ұлттық құндылықтарға деген тәрбиені нығайту болды. Факульттертер Наурыз мейрамын үздік тойлау сайысына қатысып, барын сала білді. Сайыс шарты бойынша қатысушы факультеттер қалың бұқараға өз өнерлерін, Наурызға арналған безендірулерін, ең мықты деген дайындықтарын көрсетулері керек борлды. Институт әкімшілігі және жұмыскерлер мен студенттер кәсіподақ ұйымының өкілдері қазылық жасап, әр факультеттің өнеріне әділ бағаларын бере білді.
Ұлы даланың ұлттық мәдениетін өрлетіп, оқушы жастар бойында рухани байлықты арттыру, салауатты өмір салтын сақтау мақсатында ҚМПИ әлеуметтік тәрбие жұмысы жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен №1 Затобол орта мектебінің қабырғасында ұлттық ойын «Асық атудан» ҚМПИ ректоры Әбіл Еркін Аманжолұлының кубогы сарапқа салынды. Тартысты өткен ойынға Қостанай ауданының мектептері белсенді ат салысты. Атап айтар болсақ, Мичурин орта мектебі, №1 Затобол орта мектебі және Н. Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясы. Сайысқа қатысқан оқушылар жарыс басталмас бұрын, ұлттық мұра – ұлттық ойындарымыз жайлы арнайы ақпараттарға қанық болып, ұлттық ойындар жайлы өз ойларымен, өз пікірлерімен бөлісті. Қыздар мен ер-жігіттер болып бөлек сайысқа түскен оқушылар ҚМПИ ректорының кубогын қанжығаларына байлау үшін, алдарына жан салмады.
Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай Ақтөбе қаласында Ақтөбе пікірсайыс орталығы мен Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ұйымдастыруымен ақпанның 24-26 аралығында «Алаш идеясы және Ұлы дала елінің мұраты» атты республикалық дебат турнирі өткізілген болатын. Турнирге Қазақстанның 7 облысынан (Астана, Алматы, Қостанай, Орал, Ақтау, Атырау, Ақтөбе) 20-дан астам оқу орнындарының белсенді жастарынан құралған жалпы саны 36 команда қатысты.